«UEW 2026» халықаралық энергетикалық форумы аясында Ташкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанның энергетика ведомстволары өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы «жасыл» энергияны өндіру мен тасымалдауды дамытуға бағытталған «Green Corridor Alliance» жобасын іске асырудың қазіргі мәртебесін талқылады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Қазақстан атынан форумға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысты. Кездесу барысында Бақытжан Ілияс үш ел басшыларының Бакуде өткен COP29 конференциясы аясында қол қойған келісімі тұрақты энергетикалық дәліз қалыптастыруға және экологиялық таза электр энергиясымен сауданы кеңейтуге негіз болатынын атап өтті.
Жоба жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін тиімді пайдалануды, мемлекетаралық энергетикалық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ «жасыл» электр энергиясын Еуропаға және басқа да өңірлерге экспорттауға жағдай жасауды көздейді.
Сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың энергожүйелерін ықпалдастыру үшін қажетті қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды кеңейту және жаңа электр беру желілерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапы 2026 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Президенті осы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойғанын атап өтіп, елдің өңірдегі тұрақты әрі өзара байланысты энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бейілділігін растады.
Кездесуге қатысушылар жобаны одан әрі ілгерілетуге және трансөңірлік «жасыл» энергетикалық дәлізді дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға мүдделілік танытты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1219035?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау