Қазақстан мен Люксембург технологиялар, авиация және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Люксембург, 2026 жылғы 11 мамыр – Люксембург Ұлы Герцогтігіне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Бельгия және Люксембургтегі Елшісі Роман Василенко цифрлық технологиялар, авиациялық логистика және инновациялар салаларындағы жетекші люксембургтік және халықаралық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары бірлескен жоғары технологиялық жобаларды іске асыру, көлік-логистикалық өзара байланыстылықты дамыту және Қазақстан мен Люксембург арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды.

«SES» компаниясының штаб-пәтерінде Елші Р.Василенко компанияның бас директоры Адель Аль-Салехпен кездесті. Тараптар Еуропалық одақтың «Team Europe Initiative on Digital Connectivity in Central Asia» жобасын іске асыру, Қазақстандағы спутниктік байланысты дамыту, сондай-ақ ұлттық ғарыш инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына люксембургтік тараптың қатысу перспективаларын талқылады.

«Cargolux» компаниясында Елші Р.Василенко компания президенті Ричард Форсонмен және қаржы директоры Максим Штрауспен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында авиакомпанияның Қазақстандағы қызметін қайта бастау перспективалары, сондай-ақ Қазақстанды өңірлік авиациялық жүк хабы ретінде дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыруға «Cargolux»-тың қатысуы талқыланды.

Жаһандық транзиттік бағыттардың өзгеруі және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көлік дәліздерінің бірі ретіндегі рөлінің артуына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңыздылығы атап өтілді. Сапар аясында сондай-ақ «Hydrosat» компаниясының президенті және тең құрылтайшысы Ройс Далбимен кездесу өтті.

Тараптар су ресурстарын спутниктік мониторингтеу, цифрлық ауыл шаруашылығы және климаттық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-пен бірлескен жобаларды талқылады. Кездесулер барысында 2005 жылдан бері Люксембургтен Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жиынтық жалпы ағыны 3,8 млрд АҚШ долларынан асқаны атап өтілді.

Бұл люксембургтік қаржы және технологиялық құрылымдардың қазақстандық нарыққа деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді. Сапар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы инвестициялық, технологиялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1218452?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version