Абай облысында еңбек қауіпсіздігіне қатысты 148 заң бұзушылық анықталды
Абай облысы бойынша еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізуді жалғастыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі басшысының м.а Қайрат Жокебаев мәлімдеді.
2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Департаментке 268 өтініш түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Азаматтардың басым бөлігі пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы төлеу, жалақыны уақытылы бермеу, заңсыз жұмыстан шығару және өзге де еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша жүгінген.
Есепті кезеңде 47 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2 кәсіпорында профилактикалық бақылау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылдың І жартыжылдығында тағы 8 кәсіпорында профилактикалық бақылау өткізу жоспарланған.
– Тексеру нәтижесінде жалпы 148 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 99-ы еңбек қатынастарына, 49-ы еңбек қауіпсіздігі талаптарына қатысты. Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 44 нұсқама беріліп, 28 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы көлемі 3,3 миллион теңгені құрады.Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 31 кәсіпорында түсіндіру жұмыстары жүргізілді,- дейді Қайрат Жокебаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/news/details/1219259?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау