Шығыс Қазақстанда биыл үш экопарк құрылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және туризмді дамыту мәселелері қаралды. Отырысқа ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жиында атап өтілгендей, Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес жалпы аумағы 1,7 мың гектарды құрайтын 46 экопарк ашу көзделген. Ол үшін 169 млрд теңге қарастырылған. Ал биыл 1,2 мың гектар аумақта 33 экопарк құру жоспарланып отыр. Ол үшін 102 млрд теңге бөлінеді.

Шығыс Қазақстан облысында үш экопарк салу жоспарланған. Олар: Өскемендегі «Шоқ қайың» (21,4 гектар) Ұлан ауданындағы «Жасыл аймақ» (25 гектар) және Глубокое ауданындағы «Таулы Үлбі» (40 гектар). Жобалар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл – тек абаттандыру жұмыстары ғана емес, заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Экопарктер тұрғындар үшін тартымды демалыс орындарына айналып, көгалдандыру деңгейін арттыруға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді. Алдағы уақытта осындай экопарктерді облыстың өзге қалалары мен аудандарында да құру жоспарланып отыр.

Премьер-министр экотуризмнің бүгінде әлемдік туристік индустрияда қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл бағытқа ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ туристік орталықтардың санын көбейтудің маңыздылығына тоқталды.

Осыған байланысты облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан басшыларына өңір бойынша туристік орталықтар желісін кеңейту міндетін жүктеді. Бұл туристердің саяхатын ыңғайлы етіп, демалыс аймақтарына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Отырыс барысында Алматы қаласының тәжірибесі де таныстырылды. Сәуір айынан бастап онда «Фасадтан фасадқа дейін бір аудан – бір мердігер» санитарлық күтімнің жаңа моделі енгізілген. Бұл тәсіл тазалық сапасын, бақылауды және тұрғындар өтініштеріне жедел әрекет етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар биыл Алматыда экологиялық тәжірибелер мен қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттайтын алғашқы мобильді экотрак іске қосылды. Ол спорттық және мәдени іс-шараларда белсенді қолданылып, тұрғындар мен қонақтарды экологиялық бастамаларға тартуда.

Шығыс Қазақстанда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыс орталығындағы «Шешек асуы» демалыс және туризм аймағында 7,5 мың шаршы метрден астам аумақта шамамен 7 мың көшет отырғызылды. Олар Шығыс Қазақстан облысының картасы пішінінде егілді.

Көктемнің ең ауқымды әрі жарқын экологиялық іс-шараларының бірі ретінде республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында акция өтті. Өскемен аллеясында облыс орталығы мектептерінің 2,4 мың түлегі ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге шамамен 2,5 мың атаулы ағаш отырғызды.

Аймақ басшысының айтуынша, енді Өскемен мектептерінің түлектері туған өңірімен тура мағынасында тамыр арқылы байланысты.

Осындай акция Алтай қаласында да ұйымдастырылып, түлектер өз аллеясын отырғызды. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мұндай іс-шаралар елдімекендерді көркейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілігін және туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыратынын атап өтті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ШҚО-да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шараларға шамамен 150 мың адам қатысты. 1 584 гектардан астам аумақ тазартылып, оның ішінде 3 403 аула ретке келтірілді. 259 арнайы техника жұмылдырылып, шамамен 3 800 тонна қоқыс шығарылды.

Биыл «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза өлке» акцияларына 32 мыңнан астам адам қатысып, 750 тоннадан астам қалдық шығарылды, 1100 гектар аумақ тазартылды.

Көгалдандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бері елдімекендер аумағында 248,5 мың көшет отырғызылды. 2025 жылы 138 мыңнан астам көшет егілді. Ал биыл 111,2 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бір реттік акция емес, жүйелі әрі үздіксіз жұмыс. Тазалық сенбіліктерден ғана емес, әр адамның күнделікті жауапкершілігінен басталады.

Елдімекендерді қоқыстан тазарту тұрақты түрде жүргізіліп, шығысқазақстандықтардың өмір салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Себебі тазалық – қоршаған ортаны аялаудан, табиғатты қорғаудан және болашақты ойлаудан басталады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1219438?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version