Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында өткен «Жас құтқарушы» үйірмесінің қалалық слеті өз мәресіне жетті. Аталған іс-шараға қала бойынша іріктелген ең мықты 9 команда қатысты. Атап айтқанда, А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы, Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы білім беретін мектебі, №69 жалпы орта білім беретін мектебі, Б.Садықов атындағы №112 жалпы орта білім беретін мектебі, Д. Нұрпейісова атындағы №116 жалпы орта білім беретін мектебі, №135 жалпы орта білім беретін мектебі, А. Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейі, №4 «Talant» мектебі және №99 мектеп-гимназиясы.
Слеттің негізгі мақсаты –жасөспірімдердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіру, алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету және өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Жарыс бағдарламасы теориялық білімді тексерумен қатар, өрт кезіндегі әрекеттер, авариялық-құтқару жұмыстары және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тәжірибелік тапсырмаларды қамтыды. Сонымен қатар, қайық есу және азаматтық қорғаныс нормативтерін орындауға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар экстремалды жағдайларға жақындатылған ортада жедел әрекет ету, ұйымшылдық таныту және командалық жұмысты үйлесімді атқару қабілеттерін іс жүзінде көрсетті.
Көпсайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы жүлделі орындарды келесідей анықтады: І орын – №99 мектеп – гимназиясы, ІІ орын – №4 «Talant» мектебі, ІІІ орын – А.Асқаров атындағы №77 мектеп – лицейі.
Слёт жеңімпаздары басты жүлде – спорттық велосипедтерге ие болды. ІІ орын иегерлеріне алдағы шомылу маусымында қажет болатын арнайы құтқару жилеттері табысталды. ІІІ орын алған қатысушыларға сымсыз құлаққаптар берілді.
«Жас құтқарушы» слеті – бұл жай ғана жарыс емес, жастарды төтенше жағдайларда саналы әрекет етуге баулитын маңызды тәжірибе алаңы. Мұнда алынған дағдылар оқушыларға қиын сәтте абдырамай, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі және болашақта құтқарушы мамандығын таңдауға да ықпал етуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1219212?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау