Көлбастау ауылдық мәдениет үйінде аналарға деген құрметті дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Аналар мектебінің» салтанатты ашылуы өтті. Тағылымы мол шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Күнсұлу Қамбарова қатысып жаңа орталықтың ашылу лентасын қиып, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Жиын барысында Перизат Шымыртайқызы мектептің алға қойған мақсат-міндеттерін таныстырып, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлі мен рухани құндылықтардың мәніне тоқталды. Ауыл ақсақалы Сейтқазы Медетбекұлы ақ батасын берді.
«Батамен басталған іс – берекелі» демекші, бұл бастама ауыл өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.
Рухани кеңістіктің ерекшелігі
Айта кетерлігі, бұл мектеп – жай ғана тәрбие ордасы емес, ұлттық рухты жаңғыртатын бірегей рухани кеңістік. Мектеп ішінің безендірілуі де келушілердің ерекше ықыласын тудырды:
Төрде: Қазақы тәрбиенің символы болған бесік пен қасиетті шаңырақ орнатылған. Бұл – ұлт тамыры мен отбасы беріктігінің нышаны.
Оң жақ бөлігінде: “Елдің елдігі де, ұлттың ұлылығы да ананың тәрбиесінен басталады” айдарымен аналар жайлы қанатты сөздер қойылып, терең мағына берген.
Сол жақ бөлігінде: «Анаға құрмет – ұлттың болашағына құрмет» бұрышы ұйымдастырылып, ауданнан шыққан белгілі тұлғалардың аналарының суреттері орналастырылған.
«Аналар мектебі» – ана мейірімі мен даналығын дәріптей отырып, жас буынның бойына ізгілік, имандылық және ұлттық тәрбие нәрін егетін маңызды рухани алаңға айналмақ. Бұл орталық алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығын алтын арқау етіп, отбасылық құндылықтарды насихаттау ісіне өз үлесін қосады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1219754?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау