Астанада №113 жалпы орта білім беретін мектепте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған «Жасыл Астана: біздің таңдауымыз» фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Фестивальге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, экология фракциясының мүшелері, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.
«11 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» қағидаты аясында біз өте қарқынды жұмыс істедік. Біздің мақсатымыз балабақша тәрбиеленушілерінен бастап студенттерге дейін экологиялық сананы арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру болды. Алты аптаға созылған жұмыс жоспарымыз толықтай орындалды деп айтуға болады. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері өздеріне бөлінген тақырыптар аясында жұмыс істеді. Мысалы, құстарға ұя жасау, ағаш отырғызу және сенбіліктер өтті. Бұған тек балалар ғана емес, ата-аналар да атсалысты. Сондай-ақ басқа да креативті форматтар арқылы оқушылар экологиялық құқық бұзушылықтың зардабын терең түсінді», – деді Астана қаласы Білім басқармасына қарасты Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.
Іс-шара аясында экологиялық бастамалар көрмесі, шығармашылық жұмыстар таныстырылымы, экологиялық жобалар презентациясы, интерактивті алаңдар мен тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылды. Қатысушылар табиғатты қорғау бағытындағы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған жаңа идеяларды ұсынды.
Айта кетейік, ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоспарлы өткізілген экологиялық іс-шараларға қала бойынша 300-дей білім беру ұйымы жұмылдырылды. Нәтижесінде 200 мыңнан астам балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің, сондай-ақ 50 мың ата-ананың басын қосқан ірі жобалар жүзеге асты.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1220035?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау