Ақтөбе облысында биыл жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. 2026 жылы өңірде жергілікті маңызы бар жалпы ұзындығы 292 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Оның 75 шақырымы қалаішілік және ауылішілік жолдарға тиесілі. Қазіргі таңда облыстың бірнеше ауданында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жол жөндеу жұмыстары Ойыл, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандарын қамтиды. Нысандардағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Мердігер ұйымдар жол сапасын жақсарту үшін негіздемені күшейту, су өткізу құбырларын орнату, асфальт төсеу және көпір салу бағытында жұмыс істеуде.
Ойыл ауданында көпір құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар бірқатар жол учаскесінде жолдың негізін дайындау және инфрақұрылымды реттеу жұмыстары атқарылуда. Ал Хромтау ауданында бірнеше жолдың негізі толық әзірленіп, асфальт төсеу жұмыстары басталуға дайын. Хромтау қаласындағы негізгі және ішкі көшелерді қайта жаңарту да жалғасуда.
Ырғыз ауданында Ырғыз – Құтикөл – Жарма бағытындағы автомобиль жолының бір бөлігінде асфальт жабындысын төсеу басталды. Қалған бөліктерде дайындық жұмыстары аяқталған. Әйтеке би мен Шалқар аудандарында да ауылішілік жолдарды жөндеу және жол негіздемесін нығайту жұмыстары қарқын алған.
Облыс орталығында да жол сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Ақтөбедегі көне аудандардың бірі – Шанхай тұрғын алабындағы Чернышевский көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір мұнда асфальттың екінші қабаты төселуде.
Аталған көшеде жауын-шашын кезінде су жиналып, жол жиі шайылып кететін. Осы мәселені шешу үшін мердігер ұйым жолдың негізін күшейтіп, проблемалы аймақтарға қиыршық тас төсеген. Төменгі қабат қосымша нығайтылып, жол жабынының беріктігі арттырылған.
Сонымен қатар көше бойындағы инженерлік құдықтар жаңа асфальт деңгейіне сәйкестендірілмек. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жолдың тегіс болуына мүмкіндік береді.
Ұзындығы 1 734 метр болатын Чернышевский көшесі арқылы күн сайын қоғамдық көліктер қатынайды. Сондықтан жолдың сапасы тұрғындар үшін маңызды мәселенің бірі болған. Көп жылдан бері күрделі жөндеуді күткен тұрғындар бүгінде көшенің жаңарғанына қуанышты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk-martuk/press/news/details/1220397?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау