Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті.

Кеш шымылдығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылып, сахна төрінде Құрманғазы атындағы «Нарын» қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Концерт басталар алдында Илья Жақановтың шығармашылығы мен ғұмыр жолына арналған деректі фильм ұсынылды.

Салтанатты шараға Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Дарын Шамұратов қатысып, мерейтой иесіне арнайы құттықтауын жеткізді.

Қазақ өнерінің абызына құрмет көрсетіліп, Илья аға мен Тиыш апаға шапан мен камзол жабылды.

Кеш барысында Қазақстанның әр өңірінен келген өнер майталмандары Илья Жақановтың халық жүрегінен орын алған әндерін орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Концертте Сәуле Жанпейісова, Сүндет Байғожин, Толқын Забирова, Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқалиев, «МузАрт» тобы және өзге де белгілі өнер иелері өнер көрсетті.

Ән мен күй тоғысқан тағылымды кештің финалында барлық әншілер «Еділ-Жайық» әнін бірге орындап, мерейтой иесіне деген халықтың ыстық ықыласын жеткізді.

Илья Жақановтың шығармашылығы — қазақ ән өнерінің алтын қазынасы, ұлттық руханияттың асыл мұрасы. Ұлт өнерін ұлықтаған осындай тағылымды кеш жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне, мәдени құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-madeniet/press/news/details/1220233?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version