Мойынқұм ауданында тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе жаз мезгілінде Балқаш көлінің жағалауына келушілер санының артуына байланысты судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру және құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында нақты шаралар қолға алынуда.
Осыған орай Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Мыңарал ауылы маңындағы Балқаш көлінің жағалауында болып, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен арнайы жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында көл жағалауында салынуы жоспарланған судан құтқару жасағы нысанының орналасатын жері қарастырылып, болашақтағы жұмыс бағыты мен ұйымдастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында жаңа нысанның шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, құтқарушылардың жедел әрекет ету мүмкіндігі, техникалық жабдықталуы және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар жауапты мамандар қауіпсіздік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кету керек, биыл аудан аумағындағы төтенше жағдайлар қызметінің әлеуетін күшейту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданындағы өрт сөндіру бөлімшесі жаңартылып, оның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі ауданға арнайы іссапармен келіп, құтқару және өрт сөндіру қызметтеріне арналған заманауи техникаларды ресми түрде табыстаған болатын.
Жаңа техникалардың қатарында Балқаш көлінде құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы катер де бар. Бұл су көлігі алдағы уақытта көл аумағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе жазғы шомылу маусымында катердің үздіксіз қызмет атқаруы адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.
Мамандардың айтуынша, Балқаш көлінің жағалауына келетін туристер мен демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, заманауи құтқару инфрақұрылымын қалыптастыруды қажет етеді. Сол себепті жаңа құтқару нысанын салу — уақыт талабынан туындаған маңызды бастамалардың бірі.
Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, суда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жедел көмек көрсету бағытында тұрақты қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар демалушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде ақпараттық жұмыстар да күшейтіледі.
Жалпы, аудан аумағында қолға алынып жатқан бұл жұмыстар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және өңірдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Материал «Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» КММ тапсырысы бойынша әзірленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1219756?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау