Қазақстанда бірқатар онкологиялық аурулардың дамуына себеп болатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы иммундау бағдарламасы жалғасуда.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау науқаны басталғалы бері 11–13 жастағы қыздарға 398 мыңнан астам профилактикалық екпе салынды. Сонымен қатар вакцина алғандардың арасында иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер тіркелген жоқ.
АПВ-ға қарсы вакцинациялауға қолжетімділікті кеңейту қажеттігі туралы ата-аналар мен азаматтардан көптеген өтініштердің түсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі иммундауға жататын қыздардың жас санатын кеңейту туралы шешім қабылдады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 14–17 жас аралығындағы қыздарға қосымша АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізу туралы қаулысына қол қойылды.
Енді екпе 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жасөспірімдерге ерікті негізде қолжетімді болады.
ДДҰ деректері бойынша, АПВ инфекциясы әлемдегі барлық онкологиялық аурулардың шамамен 5%-ын тудырады. Бағалау мәліметтеріне сәйкес АПВ-мен байланысты обыр жыл сайын 625 600 әйел мен 69 400 ер адамнан анықталады.
Қауіптілігі жоғары 16 және 18 типті АПВ көбінесе жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуына себеп болады.
Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан шамамен 300 мың әйел көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын ЖМО-ның шамамен 2 мың жағдайы анықталып, 600–700 әйел қайтыс болады.
АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау бірқатар онкологиялық аурулардың дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1220451?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау