ҚР СИМ жанындағы Қоғамдық кеңес отандық өндірісті қолдау тетіктері мен мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелерін талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің алаңында отандық кинопрокаттың дамуы, азық-түлік қауіпсіздігі және өнеркәсіптік есепке алу мәселелеріне арналған Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Руслан Шаекиннің төрағалығымен өтті.

Жиын барысында ішкі нарықты дамыту, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, отандық тауар өндірушілерді қолдау және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі – креативті индустрияны дамыту және кинопрокат нарығының ашықтығын қамтамасыз ету болды. Осы бағытта Қоғамдық кеңес мүшесі Максим Барышев баяндама жасап, саладағы қазіргі жағдайға талдау ұсынды.

Әлемдік деңгейде креативті экономиканың әлеуеті жоғары болғанымен, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі бұл сектордың үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар, тиімді реттеу және бақылау тетіктері енгізілген жағдайда креативті индустрияның айтарлықтай өсім көрсету мүмкіндігі бар екені айтылды.

Талқылау барысында кассалық түсімдер бойынша деректердің ашық еместігі, кинодистрибуция нарығының жоғары шоғырлануы, сондай-ақ есепке алудың заманауи цифрлық жүйелерін енгізу қажеттілігі мәселелері көтерілді. Ұсыныстар қатарында билет сатылымын есепке алудың Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (БААЖ) енгізу, монополияға қарсы бақылауды күшейту және ұлттық контентті қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу бар.

Отырыс барысында азық-түлік қауіпсіздігі және ет пен шұжық өнімдерінің импортын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшесі Денис Дедов зертханалық бақылауды күшейту және ішкі нарыққа жеткізілетін өнімдердің толық қадағалануын қамтамасыз ету бастамасын көтерді.

Талқылауға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қатысты.

Қатысушылар қауіпсіз емес өнімдердің нарыққа түсуіне жол бермеу, импортталатын тауарлардың сапасын қатаң бақылау және жекелеген импорттаушылар тарапынан адал емес бәсекелестіктің алдын алу бағытында қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ жиын барысында табиғи газды өндіру және тасымалдау кезіндегі есепке алудың метрологиялық қамтамасыз етілуі мәселесі қаралды. Василий Михалченко өлшеу дәлдігінің ресурстарды есепке алу ашықтығы, энергетикалық қауіпсіздік және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар мен ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1220029?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version