Шымкент қаласының аумағында орналасқан Жайлау көлі және Дендрологиялық саябақ аумағындағы көлдерде шомылу маусымына дайындық аясында кешенді рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қайғылы жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ тұрғындар мен демалушылар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Рейд барысында жауапты қызмет өкілдері су айдындарының жағалау аймақтарын аралап, шомылуға тыйым салынған орындарды анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, демалушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылуда.
Сонымен қатар, шомылу маусымына дайындық шеңберінде Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп кіші габаритті жүзу құралдарының (қайықтар, катамарандар және өзге де су көліктері) техникалық жағдайы мен пайдалану қауіпсіздігі тексерілуде. Тексеру барысында құтқару құралдарының (құтқару кеудешелері, шеңберлер) болуы, құралдардың жарамдылығы және оларды пайдаланушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейі басты назарға алынды.
Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тұлғаларға ескертулер беріліп, оларды жою бойынша нақты мерзімдер белгіленді. Қауіпсіздік талаптарын сақтамаған азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген орындарда шомылмау және құтқару құралдарын міндетті түрде пайдалану қажеттігі ескертіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1220043?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау