Ертең қасиетті шаһарда түркі мемлекеттерінің бейресми саммиті өтіп, онда «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы кеңінен талқыланбақ.
Жиын барысында жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, инновациялық технологияларды тиімді енгізу және түркі елдері арасындағы өзара тәжірибе алмасу мәселелері күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болмақ. Бұл басқосу ортақ тарихи тамырды заманауи технологиялық серпінмен сабақтастырып, жаңа кезеңдегі ынтымақтастықтың бағытын айқындауға мүмкіндік береді.
Саммитке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ ұйымның Бас хатшысы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері де бас қосады.
Сондай-ақ жиын аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Онда өңірлік ынтымақтастықты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылмақ.
Ғасырлар бойы түркі жұртының рухани байланысын сақтап келген қасиетті Түркістан бүгінде жаңа технологиялар мен цифрлық дамудың өзекті мәселелері талқыланатын маңызды халықаралық алаңға айналып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1220072?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау