АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ: ЖЕТІСАЙДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ: ЖЕТІСАЙДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
 
Жетісай ауданында «Аналар күні» мерекесіне орай көпбалалы аналарды ұлықтаған тағылымы мол салтанатты шара өтті. Анаға деген құрмет пен ізеттің айқын көрінісіне айналған мерекелік жиында алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табысталып, олардың қоғам мен мемлекет алдындағы ерен еңбектері ерекше дәріптелді.
 
Қай кезде де әйел-ана – отбасының ұйытқысы, тіршіліктің темірқазығы, ұлт тәрбиесінің алтын арқауы. Бар мейірім мен жылулықты бойына жиған аналар қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінде олар тек шаңырақтың шырайын келтіріп қана қоймай, қоғамдық өмірде де белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосып жүр.
 
Мерекелік шара барысында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аналарды арнайы құттықтап, мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады. Батыр аналардың иығына ұлттық нақыштағы оюлы камзол мен ақ жаулық жапты. Бұл – қазақ халқының анаға деген ерекше құрметінің, ізетінің белгісі.
 
Салтанатты жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев қатысып, аналарға ізгі тілектерін білдірді. Ақ жаулықты аналардың ел өміріндегі орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше атап өтті.
 
«Саналы ұрпақ тәрбиелеп, елдің демографиялық өсіміне, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің нығаюына үлкен үлес қосып келе жатқан Сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Тәрбиелі ұрпақ – мейірімді анадан бастау алады. Сондықтан, ананың мәртебесін көтеру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деген аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан отбасы құндылықтарын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде бүгінде Жетісай ауданында «Алтын алқа» иегерлерінің саны 2243-ке, «Күміс алқа» иегерлерінің саны 4923-ке жеткенін айтты. Бұл – өңірдегі көпбалалы отбасылар санының артып, ана мәртебесінің биіктеп келе жатқанын көрсетеді. Тек өткен жылдың өзінде аудан бойынша 4139 сәби дүниеге келген.
 
Іс-шара аясында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері арнайы кітап көрмесін ұйымдастырса, аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аяулы аналарға гүл шоқтары табысталып, ақ тілектер айтылды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1221497?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version