2026 жылғы 15 мамырда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті магистральдық теміржол желісі қызметтеріне бекітілген тарифті қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ инвестициялық бағдарламасының жобасын қарау бойынша жария тыңдау өткізді.
Жария тыңдау ҚР ҰЭМ ТМРК төрағасының орынбасары Қанат Құлназаровтың төрағалығымен өтті. Ол қатысушыларды іс-шараны өткізу тәртібімен және регламентімен таныстырды.
Өз сөзінде ол қаралып отырған өтінімді талқылауға барлық мүдделі тараптардың қатысуының маңыздылығын атап өтті. «Жария тыңдауларды өткізудің мақсаты – ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету және тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін сақтау», – деді Қ. Құлназаров.
Жария тыңдауға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығы, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Бекітілген тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгертуге арналған өтінім, сондай-ақ инвестициялық бағдарлама жобасы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы экономика және қаржы жөніндегі директорының орынбасары Кирович Александр мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Тарифтік саясат департаментінің директоры Диас Түсіпбеков баяндама жасады.
Жария тыңдау офлайн форматта өткізіліп, бір мезгілде ҚР ҰЭМ ТМРК-ның Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында және Zoom платформасында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл қатысушыларға нақты уақыт режимінде сұрақтар қоюға мүмкіндік берді.
Жария тыңдау қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ өтінімі бойынша түпкілікті шешім Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдер мен тәртіпке сәйкес қабылданатыны атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1221412?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау