Павлодар облысының полицейлері көлік құралдарын дұрыс қоймау деректерін анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізуде.
Көп жағдайда жүргізушілер көліктерін рұқсат етілмеген жерлерге – жолдың жүру бөлігіне, басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіретін орындарға, жаяу жүргіншілер жолына және балалар алаңдарына қояды. Кей кездері дұрыс қойылмаған көлік жедел қызметтер мен арнайы техникалардың жүруіне кедергі келтіреді, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД.
Мәселен, М. Мақатаев көшесіндегі үйдің ауласында Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі көлігін басқа көліктердің жүруіне бөгет болатындай етіп қойған.
Ал Толстой көшесіндегі үйдің ауласында BMW маркалы көлік балалар алаңының жанына қойылған.
– Тұраққа қою қағидаларын бұзған барлық жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жалпы, 2026 жылдың осы кезеңінде осындай құқық бұзушылықтар үшін 2260 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
– Көлік қоятын жүргізушілер арнайы жол белгілері мен тоқтауға немесе тұраққа қоюға тыйым салатын жол таңбаларына, сондай-ақ ақылы және ақысыз тұрақ аймақтарының шекараларына назар аударуы қажет. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арналған орындарды мақсатсыз иеленуге болмайтынын білуі тиіс.
Осы талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деп қорытындылады ведомство өкілдері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1220875?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау