Былтыр 3,4 млн қазақстандық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету – бұл жай ғана логистикалық міндет емес, бұл мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының негізгі көрсеткіші. Соңғы жеті жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) жүйесі орасан зор сандық және сапалық өсу жолынан өтті. Егер 2018 жылы 1,9 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн азаматқа жетті. Яғни елдің әрбір алтыншы тұрғыны мемлекеттен дәрі-дәрмек түрінде қолдау алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, АДҚ бюджеті үш еседен астам өсті.

«2018 жылғы 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай жоспарланған 337,4 млрд теңге көрсеткішіне шығамыз. Бұл өсім тек инфляциялық процестерге ғана емес, сонымен қатар қымбат тұратын инновациялық дәрілердің тізімге енгізілуіне де байланысты. Біз аурулар тізбесін 48-ден 121 позицияға дейін кеңейттік. Бұл бұрын емі отбасылардың көбіне қолжетімсіз болған сирек аурулары бар пациенттерді қамтуға мүмкіндік берді. Біз препараттар тізімін ретсіз кеңейтуден бас тартып, дәлелді медицинаға басымдық бердік. 2024-2025 жылдары 58 ХПА-ға (халықаралық патенттелмеген атауы) терең ревизия жүргізілді; олар клиникалық тиімділігінің төмендігіне немесе заманауи аналогтарының болуына байланысты тізімнен шығарылды», – деді вице-министр.  

Енді сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің негізгі профилін қалыптастыратын ең маңызды 75 нозологияға назар аудару жоспарда бар. Тізім максималды терапиялық құндылық принципі бойынша іріктелген 290 ХПА атауын қамтитын болады.  

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Бірыңғай дистрибьютор қызметін ашықтық пен сенім қағидаттарына көшіру арқылы трансформациялау жүргізілуде. Биыл ақпан айынан бастап Байланыс орталығы 24/7 тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды, бұл қоғамдық сенім деңгейін арттырды.  Азаматтарға ыңғайлы болу үшін дәрі-дәрмектің бар-жоғы туралы жедел ақпарат беру мақсатында Telegram-да чат-бот іске қосылды. Чат-бот жұмыс істеген уақыт ішінде 200-ге жуық өтініш жедел өңделді.  

2026 жылдың 1-тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағымдар саны 18%-ға, яғни 13 мыңнан 11 мыңға дейін азайды. Қоғаммен тығыз диалог орнатылды, бұл әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді.  

Пациенттік ұйымдарымен өзара іс-қимыл күшейтілді, пациенттердің 800-ден астам өтініші бойынша қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Пациенттік ұйымдарының өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады.  Тек осы жылдың наурыз-сәуір айларында медициналық ұйымдармен 3 кездесу өткізілді. Оңтүстік және Батыс өңірлерінің медициналық ұйымдарымен, сондай-ақ Еуразия пациенттер ұйымдары одағының өкілдерімен кездесулер өтті. Солтүстік және Шығыс өңірлерінің медициналық ұйымдарымен кездесу жоспарланған.  

Сауалнама нәтижелері бойынша пациенттер ұйымдары Бірыңғай дистрибьютордың кері байланысының сапасы мен тиімділігін атап өтуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-zhdanov/press/news/details/1221049?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version