Грузияның ірі инвесторлары Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетімен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Грузияның ірі бизнес өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып, Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетін зерделеуде.

Облыс әкімі Асхат Шахаров грузиялық делегациямен кездесу өткізіп, онда тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Кездесуге сондай-ақ Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мурзалин қатысты.

Грузия делегациясының құрамында елдегі ең ірі инвестициялық-өнеркәсіптік холдингтердің бірі — GIG Holding компаниясының басқарма төрағасы әрі негізін қалаушы Давид Бежуашвили, сондай-ақ халықаралық өнеркәсіптік-инвестициялық AZC Group тобының негізін қалаушы әрі иесі Ян Сабол болды.

Тараптар өнеркәсіп, инвестиция және Ақтөбе облысы аумағында бірлескен жобаларды дамыту бағытындағы ықтимал ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Облыс әкімі Қазақстан мен Грузияны достық, сенім және серіктестікке негізделген берік қарым-қатынастар байланыстыратынын, ал екіжақты байланыстарды дамыту өңірдің халықаралық ынтымақтастығындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Ақтөбе облысы — өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуеті жоғары Қазақстанның ірі индустриялық әрі логистикалық орталықтарының бірі. Өңір тау-кен металлургия кешенін, мұнай-газ және өңдеу өнеркәсібін, көлік пен логистиканы, цифрлық технологияларды, агроөнеркәсіп секторын, шағын және орта бизнесті белсенді дамытып келеді. Біз инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау шараларынан бастап, жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуге дейін барлық жағдайды жасап отырмыз», — деді Асхат Шахаров.

Келіссөздер барысында инвестиция тарту, бірлескен өндірістер құру және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Грузия тарапы іскерлік байланыстарды дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта да сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1220531?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version