Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрметті Мемлекет басшылары!

Қадірлі саммитке қатысушылар!

Баршаңызды Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда қарсы алып, Өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.

Менің шақыруымды қабыл алып, алқалы жиынға келгендеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған.

Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды.

Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды.

Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз.

Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр.

Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады.

Бүгінгі жиында Өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым.

Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін.

Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты.  Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды.

Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту.

Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін.

Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы.

Менің пікірімше, бұл мешітке «Миромон ата» аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз.

Құрметті достар!

Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткерудеміз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады.

Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады.

Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды.Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар.

Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын.

Осы орайда, бүгінгі саммиттің «Жасанды интеллект және цифрлық даму» мәселесіне арналып отырғаны өте маңызды.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қадірлі достар!

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты.

Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс.

Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру. Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек.

Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады.

Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі.

Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын.

Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті.

Мен былтыр Габалада өткен басқосу кезінде цифрлық даму және киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты бірқатар бастама көтердім. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді. Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым.

Мұндай Кеңес елдеріміздің цифрлық әлеміндегі осал тұстарды анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптің алдын алуға ықпал етеді. Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады.

Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады. Аталған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді, сондықтан, осы бағытта тиімді және белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын.

Құрметті мемлекеттер басшылары!

Мен бүгін бірқатар ұсынысты ортаға салғым келеді.

Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі.

Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті.

Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.

Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын.

Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз.

Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз.

Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша Түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді.

Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс.

Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.

Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.

Бесіншіден, жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор.

Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді.

Алтыншы мәселе. Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.

Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

Жетінші міндет. Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады.

Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым.

Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.

Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын.

Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі.

Бәріміз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымыз зор.

Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын.

Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет.

Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек.

Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын.

Құрметті әріптестер!

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді.

Осы орайда Қазақстан Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай сұхбат алаңы (диалогі)» форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық.

Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын. Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек.

Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.

Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз.

Аса құрметті президенттер!

Қадірлі жиынға қатысушылар!

Бауырластық пен достық негізінде құрылған Ұйымының қызметі жыл өткен сайын жанданып келеді.

Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ бастамалар көтеріліп, өзара қолдау табатын теңдессіз сұхбат алаңы ретінде қалыптасты. Мен осы тұста баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бұл басқосуда қабылданған шешімдер Түркі елдерін одан әрі қарқынды дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін.

Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығайып, берекесі арта берсін! Осымен бейресми саммит отырысын жабық деп жариялаймын. Баршаңызға көп рақмет!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1221602?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version