Мемлекет пен бизнес Қазақстандағы криптография нарығын дамытуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары (АКҚҚ) нарығының алдағы перспективаларына арналған сарапшылық кездесу өтті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің төрағалығымен өткен жиынға бейінді Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жетекші ІТ-компаниялар мен сала сарапшылары қатысты.

Талқылау барысында қатысушылар криптографияның тек «қызметтік пайдалануға арналған» техникалық құрал болудан қалып, бүкіл цифрлық экономикамыздың көрінбейтін, бірақ берік іргетасына айналғанына қатысты ортақ пікірге келді. Күн сайын біздің банктік аударымдарымызды, электрондық құжаттарымызды, цифрлық қолтаңбаларымызды және миллиондаған қазақстандықтардың дербес деректерін қорғайтын дәл осы криптография болып табылады.

Деректер көлемі өскен сайын, сенімді қорғаныс мәселелері де мемлекет пен бизнес үшін маңызды екені сөзсіз. Қатысушылар цифрлық жүйелердің қауіпсіздігі тек шифрлау алгоритмдерінің күрделілігіне ғана байланысты емес екенін талқылай отырып, бүгінде цифрлық кілттердің қаншалықты сауатты басқарылатыны, бағдарламалардың дұрыс бапталуы, сертификаттаудың қалай өтетіні және барлық кезеңдерде кибергигиенаның негізгі ережелерінің сақталуы сияқты практикалық дүниелер алдыңғы қатарға шығатынын алға тартты.

Отандық әзірлемелерді қолдау мәселесі талқылаудың бөлек тақырыбына айналды. Сарапшылар импортқа тәуелділікті азайту, мемлекеттік жүйелерге деген сенімді нығайту және ертеңгі күннің сын-қатерлеріне, соның ішінде посткванттық криптографияға көшуге дайындық үшін шифрлау саласындағы қуатты отандық ІТ-өнімдерді жасауды ынталандыру мәселелерін қозғады. Министрлікте ведомство, бизнес және кәсіби қоғамдастық арасындағы дәл осындай ашық әрі тікелей диалог әділ бәсекелестік ортаны құруға көмектесетінін атап өтті.

Вице-министр Досжан Мұсалиев атап өткендей, бүгінгі таңда криптография – бұл жәй ғана қауіпсіздік талаптары емес, бұл цифрлық егемендік пен азаматтардың мемлекеттік сервистерге деген сенімі мәселесі. Біз отандық шешімдеріміздің сенімді де, бәсекеге қабілетті болуына ұмтыламыз. Біздің мақсатымыз – қазақстандық бизнес өзінің криптографиялық өнімдерін белсенді дамытып, енгізе алатындай жағдай жасау, бұл инфрақұрылымды жылдар бойы қорғауды, соның ішінде кванттық технологиялар дәуіріне дайындықты қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында министрлік деректерді қорғау тәсілдерін жетілдіп, цифрлық Қазақстанды әрбір адам үшін қауіпсіз әрі жайлы ететін шешімдерді қолдайтыны және бұл жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыратыны атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1220979?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version