Төрт ай ішінде солтүстікқазақстандықтар интернет-алаяқтардың кесірінен жарты миллиард теңгеден айырылды. Алаңдатарлық статистиканы өзгерту мақсатында өңірде киберқылмыстың алдын алудың жаңа тәсілі енгізілді. Енді Солтүстік Қазақстан облысында әр айдың 15-і күні халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ауқымды акция өтеді.
Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов профилактикалық жұмыс жоспарына қол қойды. Бірыңғай профилактика күні аясында Петропавлда және облыс аудандарында полицейлерге еріктілер, белсенділер және барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қосылады.
Білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында басшылар еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін алдын ала дәрістік және үлестірме материалдар дайындалды.
Облыс орталығында тәртіп сақшылары педагогтермен бірге қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Бейнероликтер көрсету, оның ішінде көшедегі LED-экрандар арқылы тарату, жадынамалар мен буклеттер үлестіру, тұрғындармен тікелей байланыс — барлығы азаматтарға қауіп туралы ескертуге бағытталған.
Қазіргі уақытта кең таралған алаяқтық схемалары:
— денсаулық сақтау жүйесі атынан қоңырау шалу («Сіз скринингтен өтуіңіз керек, sms арқылы келген кезек нөмірін айтыңыз» және т.б.);
— коммуналдық қызмет ұйымдары атынан («Есептегішіңізді тексеру мерзімі келді, sms-кодты айтыңыз» және т.б.);
— жеткізу қызметтері атынан («Сіздің атыңызға сәлемдеме / ақша аударымы / хабарлама келді, sms-тегі төрт таңбалы кодты хабарлаңыз» және т.б.);
— ұялы байланыс операторлары атынан («SIM-картаңыздың мерзімі аяқталуда, әрі қарай пайдалану үшін sms-кодты айтыңыз»).
Полицейлер мен мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысы нәтижесін беруде. Мұны соңғы жылдардағы көрсеткіштерден байқауға болады.
2024 жылы СҚО-да 756 интернет-алаяқтық тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 942 миллион 300 мың теңгені құрады, ал өтелген шығын сомасы небәрі 74 миллион 847 мың 351 теңге болды. Бұл — әрбір оныншы теңгеге де жетпейтін көрсеткіш.
2025 жылы 654 кибералаяқтық фактісі тіркелді. Жалпы шығын көлемі 1,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Алайда оның 0,5 миллиард теңгеден астамы өтелді, яғни әрбір үшінші теңге қайтарылды.
Полиция мен өзге де мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі артып келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру — интернет-қылмыстарды азайтудың келесі маңызды қадамы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1221562?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау