Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына бақылау күшейтілді. «Шығыс», «Самал» және «Алтын Арба» базарларында мамандар сауда заңнамасының сақталуын тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Тексерулер Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Бұған дейін өңірде баға қалыптастыру кезіндегі делдалдық схемаларды анықтаған арнайы комиссия жұмыс істеген болатын.
Қазіргі рейдтер сол жұмыстың жалғасына айналды. Оның мақсаты — баға қалыптастыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
Тексеру барысында мамандар сауда және салық заңнамаларын бұзу фактілерін анықтады. Нәтижесінде 21 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәсіп иелеріне заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Жыл басынан бері өңірде жалпы саны 81 бизнес субъектісі тексерілген. Әкімшілік шаралар 73 кәсіпкерге қатысты қолданылды. Олардың қатарында көтерме жеткізушілер, супермаркеттер мен шағын дүкендер бар. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 2 миллион теңгеден асты.
Уәкілетті органдар «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптары нарықтың барлық қатысушылары үшін міндетті екенін еске салды. Өңірдегі тексерулер алдағы уақытта да жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1221045?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау