ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының XVIII жыл сайынғы отырысы аясында Қазақстан ТРАСЕКА Үкімет аралық комиссиясына төрағалықты қабылдады. Төрағалық кезеңінде халықаралық Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізін одан әрі дамытуға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды міндеттерді іске асыру көзделіп отыр.
Негізгі бағыттардың бірі – ТРАСЕКА дәлізін дамытудың 2027–2036 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеуді аяқтау. Қазақстан құжат жобасын қатысушы мемлекеттермен бірлесіп пысықтап, оны 2027 жылы Бішкекте өтетін ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының отырысында бекітуге ұсынуды жоспарлап отыр.
Екінші басым міндет – ТРАСЕКА-ны реформалаудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Құжат жаһандық цифрландыру, халықаралық логистикалық тізбектердің өзгеруі, жаңа технологиялар мен көлік түрлерін енгізу, сондай-ақ транзиттік тасымал көлемінің артуы жағдайында көлік дәлізін дамытудың заманауи тәсілдерін айқындайды.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Астанада ТРАСЕКА елдерінің Бірыңғай транзиттік рұқсаты туралы келісімге қол қойылуы болды. Құжат автотасымалдаушыларға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы қосымша ұлттық рұқсаттарды рәсімдемей-ақ жүк транзитін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұл халықаралық тасымал рәсімдерін жеңілдетіп, көлік бағыттарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде келісімге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Украина қол қойды. Қалған мемлекеттер ішкі мемлекеттік рәсімдерді жүргізуді жалғастыруда.
Қазақстанның төрағалығы кезеңінде басқа да қатысушы елдер келісімге қосылады деп күтілуде.
Қазақстанның ТРАСЕКА-ға төрағалығы елдің Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік-логистикалық хабтардың бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1221001?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау