Павлодар облысында жазғы кезеңде 12 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студентін жұмыспен қамту жоспарлануда
Павлодар облыстық мәслихатының білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырысты облыстық мәслихат депутаты, Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова жүргізді.
Депутаттар каникул кезеңінде балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ өңірдегі инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін қарады.
Негізгі баяндамалармен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова мен Павлодар облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев сөз сөйледі.
Сапалы, қауіпсіз әрі пайдалы жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында білім беру басқармасы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын қамтитын кешенді бағдарлама әзірледі. Оның негізінде облыстың қала және аудандары өз бағдарламаларын дайындады. Балалардың қауіпсіздігі, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуы мектеп, отбасы және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын талап ететіндіктен, ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Биылғы жылдың басым бағыттарының бірі — IT салаларын насихаттау және мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыруға жасанды интеллект құралдарын енгізу болмақ. Ақпараттық технологиялар колледжінің IT-hub базасында маусым айында 5–9 сынып оқушыларына арналған «Prompt AI Lab» жазғы мектебі жұмысын бастайды.
2026 жылы облыста мектеп жанындағы лагерьлер саны 334-тен 356-ға, бейіндік лагерьлер саны 357-ден 576-ға дейін артады. Сондай-ақ еңбек жасақтарына тартылатын білім алушылар саны 11 мыңнан 12 мыңға дейін көбейеді. Жазғы кезеңде 5338 баланы қамтитын 11 қала сыртындағы лагерь және 38 мыңнан астам баланы қабылдайтын 356 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді.
Кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда екені және Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес жүзеге асырылатыны ерекше атап өтілді. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен оқудан бос уақытында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, зиянды және ауыр жұмыстарға тыйым салу, сондай-ақ еңбек шартын міндетті түрде жасасу қарастырылған.
Отырыс барысында инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері де қаралды. Бүгінде облыстың жалпы білім беретін мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4200-ден астам бала білім алуда. Өңірде арнайы сыныптар мен инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді, кедергісіз білім беру ортасын құру және бейінді мамандар даярлау жұмыстары жалғасуда. Жүйенің тиімділігін қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі кадрлық әлеует екені атап өтілді. Облыста логопедтер, дефектологтар, психологтар мен педагог-ассистенттер саны артып келеді, дегенмен мамандар тапшылығы, әсіресе мектепке дейінгі және мектеп секторларында әлі де сақталуда. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарды тарту және педагогтарды қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар жазғы демалыс жүйесі мен инклюзивті білім беруді одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Барлық ұсыныстар мен ұсынымдар тұрақты комиссияның қаулысына енгізіліп, депутаттық бақылауда қалады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-pavlodar-obl/press/news/details/1221237?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау