Шымкент қаласында соңғы жылдары тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, экологиялық ахуалды жақсарту және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаланың қарқынды өсуі мен халық санының артуы заманауи әрі жайлы демалыс аймақтарын көбейтуді талап етуде. Осыған байланысты өткен жылы шаһарда көгалдандыру, абаттандыру және жаңа қоғамдық кеңістіктер салу жұмыстары кең көлемде атқарылды.
Бүгінде Шымкентте саябақтар, скверлер мен аллеялар тек демалыс орындары ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Қала аумағында өткен жылы жаңадан 45 сквер пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны 90-ға жетті. Бұл – қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар магистралды 27 көшенің бойына жалпы көлемі 500 мың шаршы метрден асатын аумаққа газон төселіп, автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды. Жасыл желектерді көбейту мақсатында қала бойынша 152 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Атқарылған жұмыстар шаһардың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі эстетикалық орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Қаладағы ерекше жобалардың бірі – Қошқар-ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары. Ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын аумақта серуендеуге арналған жолақтар салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылып, жаңа демалыс орындары жасақталды. Нәтижесінде өзен жағалауы тұрғындар мен қонақтардың сүйікті серуен аймақтарының біріне айналды.
Сондай-ақ демеушілер қолдауымен қалада 16 жаңа субұрқақ салынды. Бұл нысандар шаһардың сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, қоғамдық кеңістіктердің тартымдылығын арттыруда. Шымкентте алғаш рет бұрынғы «Көл» аймағында лазерлік, жарық және от шоуларын біріктірген заманауи субұрқақ іске қосылды. Ал Шымкент сити саябағында бейнепроекциямен жабдықталған музыкалы субұрқақ пайдалануға беріліп, тұрғындар мен жастардың қызығушылығына ие болды.
Қазіргі таңда қаладағы ірі демалыс орындарының бірі саналатын Кең Баба саябағы мен Қиял әлемі саябағында күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңарту аясында саябақтардың инфрақұрылымы толық жаңартылып, заманауи демалыс алаңдары орнатылуда. Алдағы уақытта бұл нысандар жаңа кейіпке еніп, тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.
Жалпы, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қаланың инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи талаптарға сай қалыптасып келе жатқан жаңа қоғамдық кеңістіктер мегаполистің сәулеттік келбетін айшықтап, Шымкентті жайлы әрі жасыл қала ретінде дамытуға серпін беруде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1220573?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау