Шымкент қаласы полиция департаментінде №135 мектептің 16 жасқа толған оқушыларына алғашқы жеке куәліктерді табыстауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Іс-шараның басты кейіпкерлері — оқу мен спортта жоғары жетістіктерге жетіп жүрген 12 оқушы.
Жасөспірімдерді маңызды оқиғамен департамент бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов құттықтап, алғашқы ресми құжаттарын табыстады. Ол оқушыларға алға қойған мақсаттарына сенімді қадам басып, елдің лайықты азаматы болуға және қоғам алдындағы жауапкершілікті әрдайым есте ұстауға шақырды.
— Жеке куәлік алу — әрбір жас үшін ерекше әрі есте қаларлық сәт. Бүгін сіздер ересек өмірге алғашқы қадам жасап отырсыздар. Білімдеріңіз бен жетістіктеріңіз, табысқа деген ұмтылыстарыңыз Қазақстанның болашағына қосатын маңызды үлес болады деп сенемін, — деді Ұлықбек Мылтықов.
Салтанатты рәсімге оқушылардың ұстаздары да қатысып, шәкірттерінің қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар жастар арасында патриоттық рухты, азаматтық жауапкершілікті және заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/migration/press/news/details/1220541?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау