СҚО-да полицейлер кәсіпкерлерге қауіпсіздік шараларын ұсынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сауда үйлері мен ойын-сауық орындарындағы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бизнес нысандарының иелері мен әкімшілерін жұмыс кеңесіне жинады.

Кездесу криминалдық полиция басқармасының бастамасымен өтті. СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қожахметов пен жедел қызметтердің басшылары қонақтармен бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіз жабдықталуы, кей жағдайларда полицияға дер кезінде хабар берілмеуі секілді өзекті мәселелерді талқылады.

Биыл Петропавлдағы сауда үйлерінде 40-тан астам ұрлық тіркелді, тонау деректері де орын алған. Жеті кафеде дене жарақатын салудың бір-бір фактісі, тағы екі мекемеде екі-екіден осындай құқық бұзушылық тіркелген.

Кездесуге қатысушылар құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу жолдарын қарастырды. Полицейлер ұсынған шаралардың қатарында кіреберіс аймақтарын, кассалық аумақтарды, би алаңдарын, автотұрақтар мен іргелес аумақтарды толық бейнебақылаумен қамту бар.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге бейнетүсірілім жүргізілетін орындарды жарықтандыруды қамтамасыз етуге, нысандарды дабыл түймесімен жабдықтауға, қатты масаң күйдегі адамдарға алкоголь өнімдерін сатуды шектеуге кеңес берді.

Кездесу барысында полицейлер облыстық прокуратурамен бірлесіп әзірленген интернет-алаяқтыққа қарсы ProkSKO цифрлық хабын таныстырды. Сервис киберқауіпсіздік бойынша өзекті ақпарат ұсынып, пайдаланушыларға алаяқтардың ықпалында жүрген-жүрмегенін анықтауға арналған сауалнамадан өтуге мүмкіндік береді.

Кибералаяқтардан зардап шеккендердің арасында жеке кәсіпорын қызметкерлері көп болғандықтан, полицейлер хабқа сілтемесі бар QR-кодтарды ең алдымен кәсіпорындардың кіреберістерінде және корпоративтік чаттарында орналастыруды ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1221605?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version