Өзекті сұрақтарға Департамент басшысы Тұрсынбаев Ғалым Сұлтанұлы жауап береді.
1-сұрақ: Енді азаматтарға жаңа мүгедектер арбалары мен басқа да ТОҚ берілмейді деген рас па?
Жауап:
Жоқ, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Азаматтардың жаңа техникалық оңалту құралдарын (ТОҚ) алу құқығы толық сақталады. Бұрынғыдай, белгіленген пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін азамат Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүлдем жаңа ТОҚ алады.
Жаңа модель мемлекеттік кепілдіктерді қысқартпайды, керісінше оларды кеңейтеді. Енді мемлекет тек құралды беруге ғана емес, сонымен қатар оны пайдалану кезеңі бойы сервистік қызмет көрсетуге, жөндеуге және сүйемелдеуге де жауап береді.
2-сұрақ: Онда жаңа сервистік модельдің мәні неде?
Жауап:
Негізгі өзгеріс — «бердік те ұмыттық» қағидатынан тұрақты сүйемелдеу жүйесіне көшу.
Біздің міндетіміз — азаматты тек ТОҚ-мен қамтамасыз ету ғана емес, оның бұл құралды күнделікті үзіліссіз әрі қиындықсыз пайдалануына кепілдік беру. Сондықтан диагностика, жөндеу және қажет болған жағдайда техниканы уақытша алмастыруды қамтитын толыққанды сервистік қолдау енгізілуде.
3-сұрақ: Егер мүгедектер арбасы немесе басқа ТОҚ бұзылса, не істеу қажет?
Жауап:
Бұрын азамат көбіне мәселе алдында жалғыз қалып, шебер іздеуге, жөндеуді немесе жаңа кезекті күтуге мәжбүр болатын. Енді үздіксіз оңалту қағидаты енгізілуде.
Ұлттық ғылыми орталық филиалдарының жанынан ТОҚ алмасу қорлары мен өтеусіз прокат пункттері құрылуда. Егер құрал жөндеуді қажет етсе, азамат оны мамандарға тапсырып, сол кезеңде уақытша пайдалануға жарамды ТОҚ алады.
4-сұрақ: Бұл жөндеу кезінде қозғалыссыз қалмайды дегенді білдіре ме?
Жауап:
Дәл солай. Бұл — жаңа модельдің негізгі қағидаттарының бірі.
Негізгі құрал жөндеуде болған жағдайда да, азамат уақытша берілген жарамды ТОҚ-ны пайдалануды жалғастырады. Бұл мобильділікті, әлеуметтенуді және өмір сапасын сақтау үшін қажет.
5-сұрақ: Жаңа жүйе балалар үшін қалай жұмыс істейді?
Жауап:
Балалар үшін ерекше әрі икемді тәсіл қарастырылған. Баланың өсетіні және техниканың оның өлшемдері мен параметрлеріне тез сәйкес келмей қалуы мүмкін екені ескерілген.
Мұндай жағдайларда ТОҚ белгіленген мерзімнен бұрын ауыстырылады. Мамандар баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, ең қолайлы шешімді таңдауға көмектеседі. Басты назар — жайлылыққа, қауіпсіздікке және оңалтудың тиімділігіне аударылады.
6-сұрақ: Егер ТОҚ қолайсыз болып қалса немесе техникалық ақаулар туындаса, қайда жүгіну қажет?
Жауап:
Мұндай жағдайларда Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгіну қажет.
Мамандар кәсіби кеңес беріп, құралдың жағдайын бағалайды және оның қазіргі кезеңде қаншалықты сәйкес келетінін анықтайды. Егер жөндеу немесе ауыстыру қажет болса, тиісті шешім ұсынылады.
7-сұрақ: Жаңа жүйеде қолдау механизмі қалай ұйымдастырылады?
Жауап:
Алгоритм барынша түсінікті әрі ыңғайлы болады:
- Азамат мәселе туындаған жағдайда Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгінеді.
- Мамандар техникалық және оңалту бағалауын жүргізеді.
- Егер жөндеу қажет болса — ТОҚ сервистік орталыққа жіберіледі.
- Жөндеу кезеңінде уақытша жарамды құрал беріледі.
- Пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жаңа ТОҚ алынады.
Осылайша, қолдау үздіксіз сипатқа ие болады.
8-сұрақ: Пилоттық жоба неге дәл қазір іске қосылып жатыр?
Жауап:
Маңызды атап өту қажет: бұл бастама кенеттен қабылданған шешім емес. Сервистік модель тәсілдері мемлекеттің инклюзивті саясатты жүйелі түрде іске асыруы аясында қарастырылып келеді.
Бүгінгі міндет — мүгедектігі бар азаматтардың оңалтудың барлық кезеңінде мемлекеттің тұрақты қолдауын сезінетін жүйе қалыптастыру.
9-сұрақ: Қазіргі уақытта пилоттық жоба қай өңірлерде жүзеге асырылуда?
Жауап:
Қазіргі таңда пилоттық жоба үш өңірде жүзеге асырылуда: Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы және Павлодар облысы.
Пилот қорытындысы бойынша жаңа модельдің нәтижелері мен тиімділігі бағаланады.
10-сұрақ: Бұл модельді енгізудің негізгі мақсаты қандай?
Жауап:
Ең бастысы — жүйе азаматтардың қолайлылығы үшін құрылуда.
Ешкім әлеуметтік қолдаусыз, қозғалыссыз және қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігінсіз қалмауы тиіс.
Нағыз инклюзияның мәні де осында — мемлекет оңалтудың барлық кезеңінде тұрақты қолдау көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1221187?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау