Қазақстан Республикасының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алға қаласында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл игі бастаманың басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, қала аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық ахуалды жақсарту.
Акция аясында қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындарында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Жұмыс барысында жол жиектері қоқыстан тазартылып, саябақтар мен гүлзарлар ретке келтірілді. Сонымен қатар ағаштарды әктеу, көгалдарды күтіп-баптау, арықтарды тазалау және қала аумағын көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.
Экологиялық бастамаға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары бір кісідей атсалысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты. Осындай шаралар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар арасындағы бірлік пен жауапкершілікті, экологиялық мәдениетті нығайта түседі.
Бағдарлама аясында жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауды дәріптеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ерекше назар аударылуда. Еліміздің көптеген өңірлерінде қалдықтарды бөлек жинау, ағаш отырғызу және табиғи аумақтарды сақтау бағытындағы акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Алға қаласының тұрғындары да Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, ауызбіршілік пен еңбекқорлықтың, болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Себебі таза әрі көрікті қала — жайлы өмір сүру ортасы ғана емес, қоғам мәдениетінің айқын көрсеткіші.
Тазалық табалдырықтан басталады. Қаламыздың тазалығы мен экологиялық дамуына бірге үлес қосайық!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-tamdy/press/news/details/1221119?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау