14 мамырда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
Сапардың мақсаты «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу, сондай-ақ өңірдегі ауылдық елді мекендерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету жүйесін нығайту болды. Облыстағы қалалар мен аудандардың әкімдерімен жұмыс кеңесі өтіп, ауылдық жерлердегі өрт-құтқару инфрақұрылымын дамыту және бөлімшелердің дайындық деңгейін арттыру мәселелері қаралды.
Табиғи өрттердің алдын алу және оларға жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Вице-министр «Семей орманы» ММ табиғи өрттерді ерте анықтау жүйесінің жұмысымен танысты. Бұл жүйе өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға, орман алқаптарын бақылауға және оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдауға арналған. Заманауи технологияларды қолдану өңірдің орман қорын қорғау тиімділігін едәуір арттырып, әрекет ету уақытын қысқартуға және табиғи өрттердің таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңасемей ауданындағы Бөкенші ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынып жатқан өрт сөндіру бекетінің құрылысы тексерілді. Бұл нысан шалғай елді мекендерде төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Сапар барысында Семей қаласы ТЖ басқармасының №24 жаңа өрт сөндіру бекетіне барып, қызмет өткеру жағдайымен, заманауи техникамен жабдықталу деңгейімен және жеке құрамға жасалған жағдайлармен танысты. Бөлімшенің төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге толық дайын екендігі атап өтілді. Абай облысы ТЖД бастығымен бірлесіп, бекет аумағында ағаш отырғызу шарасы өткізілді.
Сондай-ақ вице-министр өрттерді тергеу және өрттің алдын алу мәселелері бойынша мамандандырылған оқу-тәжірибелік кешенге барып, мамандарды практикалық даярлау, өрттің шығу себептерін анықтау және профилактикалық жұмыстарды жүргізу бағытындағы мүмкіндіктер қарастырылды.
Абай облысы ТЖД музейінің экспозициясы таныстырылып, онда азаматтық қорғау органдарының қалыптасу тарихы, бөлімшелердің қызметі және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ардагерлердің үлесі көрсетілген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-abay/press/news/details/1221115?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау