Жарты ғасырлық адал қызмет: ШҚО полиция ардагеріне «Құрмет» ордені табысталды
Шығыс Қазақстан облысының полиция саласында есімі ерекше аталатын тұлға — Нұрлыбек Ғалиұлы Үдербаев. Ол бүгінде ШҚО Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Нұрлыбек Ғалиұлының ішкі істер органдарына арнаған 50 жылдан астам қажырлы еңбегі — өз ісіне адал болудың шынайы үлгісі.
Сексен жастан асса да, ақсақал қатардан қалмай, жас қызметкерлерді тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жас буынға берген сертке берік болуды және офицерлік намысты биік ұстауды үйретуден жалыққан емес. Оның қатысуымен өтетін кездесулер мамандардың бойында елге деген сүйіспеншілікті оятып, қызметке деген жауапкершілікті күшейтеді.
Ардагердің полиция саласындағы жарты ғасырлық еңбегі мен жастарды тәрбиелеудегі үлесі ескеріліп, оған жоғары мемлекеттік наград — «Құрмет» ордені берілді. Бұл марапатты ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Президенттің атынан ақсақалдың кеудесіне салтанатты түрде тақты.
Нұрлыбек Ғалиұлының кәсіби жолындағы жетістіктері де аз емес. Ол — «Ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері», «ҚР ІІМ Құрметті ардагері» атақтарының иегері. Сондай-ақ, көпжылдық қажырлы еңбегі үшін Ұлан ауданының «Құрметті азаматы» және «Құрметті ардагері» атанған.
Бұл марапат — ішкі істер органдарына өмірін арнаған және бүгінде қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүрген қадірлі жанның еңбегіне берілген лайықты баға. Ұлан ауданының «Құрметті азаматы», үлгілі адам Нұрлыбек Ғалиұлының салиқалы өмір мектебі — бүгінгі тәртіп сақшылары үшін баға жетпес құнды мұра. Ардагерлердің осындай мол тәжірибесі мен өнегелі жолы полиция дәстүрін сақтауда әрқашан басты бағдар болып қала бермек.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1221170?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау