Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Алакөл көлі жағалауындағы кіреберіс айналма қоршау, саябақты жаңғырту және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының барысымен танысты.
Қазір Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Көл жағалауында жалпы ұзындығы 11,8 шақырым болатын айналма қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазір оның 4 шақырымы қоршалған.
Сонымен қатар биыл жағалауды жарықтандыру, Арбатты жөндеу, саябақты жаңғырту және санитарлық инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар жобалар қолға алынған.
Жағалауды жарықтандыру үшін 400 жаңа бағана орнатылып, бұрынғы 300 бағананың шамдары мен 18 шақырым электр кабелі ауыстырылады.
Жағалаудағы Арбат пен саябақты жаңғырту жұмыстары да басталды. Саябақ аумағында жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын алаңы, субұрқақ және street workout алаңын жөндеу көзделген.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалауға 40 санитарлық-гигиеналық торап, 35 киім ауыстыратын кабина және 100 қоқыс контейнері орнатылады. Қазірдің өзінде демалушылар үшін санитарлық тораптар, душ кабиналары мен киім ауыстыру орындары қойылған.
Экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны елді мекеннен 800 метр қашықққа көшіріліп, жаңа аумақ бөлінген. Қалдықтарды шығару жұмыстары тәулігіне екі рет жүргізілуде.
Жағалауда цифрлық қауіпсіздік жүйесі де күшейтіледі. Биыл мұнда 223 бейнебақылау камерасы орнатылады. Сонымен қатар, интернет сапасын жақсарту үшін талшықты-оптикалық желі тартылып, жаңа антенналық мұнаралар салынуда.
Аймақ басшысы Алакөлдің туристік әлеуетін дамыту жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
«Алакөл – өңірдің негізгі туристік нүктелерінің бірі. Сондықтан жағалаудағы инфрақұрылым заман талабына сай болуы керек. Ең бастысы — тазалық, қауіпсіздік және демалушыларға қолайлы жағдай қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан жұмыстар сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс», — деді Берік Уәли.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1221742?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау