Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданындағы «Бақты» кеден бекетінде жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Қытай Халық Республикасымен шекаралас аймақта орналасқан кеден бекеті – халықаралық көлік-логистикалық бағыттағы маңызды нысандардың бірі. Қытай тарапынан оған «Покиту» өткізу пункті сәйкес келеді.
Аймақ басшысына бекетті жаңғырту аясында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары мен нысанның қазіргі жағдайы туралы баяндама жасалды. Қазіргі уақытта кеден бекетінде ауқымды реконструкция жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – өткізу қабілетін арттыру, кедендік рәсімдерден өту уақытын қысқарту және Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық әлеуетті дамыту.
2024 жылы «Бақты» кеден бекетінде жолаушылар терминалының уақытша модулі іске қосылған болатын. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың туризм мақсатында кеден шекарасынан өтуіне мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда өткізу пункті арқылы тәулігіне орта есеппен 6-8 автобус пен 300-350 жолаушы қатынайды.
Сонымен қатар бекетте екі жаңа инспекциялық-тексеру кешені жұмыс істеп тұр. Бұл кедендік бақылаудың тиімділігін арттырып, көлік құралдарын рәсімдеу процесін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінде өткізу пункті арқылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға тәулігіне шамамен 150 автокөлік кірсе, Қазақстаннан Қытайға қарай 250-ге жуық автокөлік шығады.
Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші жартыжылдығында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы шамамен 70 пайызды құрайды.
Облыс әкімі кеден бекетінің өңір экономикасы мен халықаралық сауда байланыстарын дамытудағы маңызына тоқталып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1221765?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау