Халықаралық отбасы күніне орай ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің міндетін атқарушы Дастан Шименбаевтың және ҚР Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Алма Сыдыкованың ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар өткізілді. Іс-шара мемлекеттік қызметшілер арасында отбасы институтын нығайтуға, тәрбие саласындағы өзекті сын-қатерлердің алдын алуға және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталды.
Жиын аясында қатысушылар үшін мазмұнды сараптамалық пікір алмасу ұйымдастырылып, негізгі үш бағыт бойынша өзекті мәселелер қамтылды. Алғашқы болып сөз алған «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының бөлім басшысы Бексултанова Нагима Эсенбаевна отбасындағы психологиялық ахуалдың маңыздылығына назар аударды.
Одан әрі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің бас сарапшысы Калабаева Миргуль Сатбаевна сөз алып, деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Баяндамашы қоғамда зайырлы қағидаттарды нығайту, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін теріс идеологиялық ықпалдан қорғау қажеттігін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер, оның ішінде ажырасу деңгейінің артуы, лудомания, нашақорлық және жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыптары қозғалды. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша пікір алмасып, олардың алдын алу тетіктері мен отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Семинар қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық және тәрбиелік мәдениетті арттырудың өзектілігі айқындалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1221699?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау