АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен алқалы жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру, бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру секілді өңірдің даму қарқынына қатысты бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында бюджет қаражатының игерілу деңгейі, индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы, салықтық түсімдердің көлемі, ауыл шаруашылығы саласындағы мал басы мен өндірілген өнім көлемінің өсуі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі, кәсіпкерлікті дамыту және жеке инвестициялар тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері кеңінен қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша баяндама жасаған аудандық экономика және қаржы
бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына жүргізілген талдау нәтижесінде қалыптасқан рейтингтік көрсеткіштерге тоқталып, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, орын алған кемшіліктерді, өзекті мәселелерді атап өтті.
Талдау қорытындысына сәйкес кейбір бағыттарда оң нәтижелер байқалғанымен, жоспарланған жобалардың мерзімінде орындалмауы, көрсеткіштердің төмендеуі секілді кемшіліктер де орын алған. Осыған байланысты аудан әкімі нақты тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ете алмаған әкімдер мен жауапты сала мамандарынан жеке-жеке жауап алды.
«Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты міндет. Әрбір жоба уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Кемшілікке жол бергендерге кешірім болмайды. Берілген тапсырмалар толық орындалып, нақты нәтиже көрсетілуі қажет.
Орын алған кемшіліктерді қысқа мерзімде жойып, жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын үйлестірмеген, хаттамалық тапсырмалардың орындалуына салғырт қарап, немқұрайлылық танытқан тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылданатын болады» деді Серік Үсенұлы.
Жиын соңында аудан басшысы ең алдымен халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жеке инвестициялар тарту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетті тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, өндірілген өнім көлемін ұлғайту және салық базасын кеңейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1221894?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау