Атырау қаласында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ» атты ауқымды форум ұйымдастырылып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастар қауіпсіздігі, интернет алаяқтықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жол қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды. Форумға құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, ұстаздар, жастар және студенттер қатысты. Ауқымды іс-шараға 2000-ға жуық студент қамтылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда заң мен тәртіп қағидаларын нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту. Форум бірнеше сектор бойынша ұйымдастырылып, әр бағытта өзекті мәселелер қозғалды. Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастар тәрбиесі, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және жол қозғалысы мәдениеті туралы маңызды ақпараттармен бөлісті. Форум барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қоғаммен кері байланыстың маңыздылығына тоқталып, қазіргі таңда азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жиынның маңызды бөлімдерінің бірі – жастар тәрбиесі мен қауіпсіздігіне арналды. Спикерлер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы күрес, әлеуметтік желідегі қауіптерден сақтану және ата-аналардың жауапкершілігі жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ форумда интернет алаяқтықтың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды. Мамандар азаматтарды жеке деректерді қорғауға, белгісіз сілтемелер мен жалған хабарламаларға сақ болуға шақырды. Әсіресе, дропперлік әрекеттердің салдары мен жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтіріліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Форумның соңғы секторында жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Қатысушылар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мәдениетін қалыптастыру, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі және балалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бұл бағытта профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттігі айтылды. Іс-шара барысында спикерлер қоғам қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Форум ашық пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныстар мен бастамалар көтерілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң әсер етеді. «Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ» форумы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, қауіпсіз әрі жауапты орта қалыптастыру жолындағы маңызды алаңдардың біріне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1222671?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау