АУДАН ӘКІМІ АНЫҚТАЛҒАН КЕМШІЛІКТЕРДІ ҚЫСҚА МЕРЗІМДЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІ ТАПСЫРДЫ
80 мың га жуық егістік жері бар ауданда өнім көлемі мен сапасын арттыру, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына жүргізілген зерделеудің қорытындысымен арнайы жиын өткізген аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудандағы жалпы саны 380 дана тік дренажды ұңғымалардың 170 данасы ғана тұрақты жұмыс істеп тұрғандықтан анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
Жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС арқылы Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренаж қалпына келтіріліп, 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС арқылы Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы қайта қалпына келтіру көзделген. Қазірде мердігер мекемелер межеленген жұмыстарыдың басым бөлігін аяқтағанымен тұрғындардың елді мекендерге, шаруалардың егістік алқаптарға кіріп-шығуларына үлкен кедергілер туындаған. Бірқатар жерлерде қашыртқылардың беті ашық қалып, автожолдарға келтірілген зияндар қалпына келтірілмеген.
«Ауданда тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жер асты суы өз деңгейінен жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған.
Сіздердің атқарып отырған жұмыстарыңыз осы олқылықтарды жоюға бағытталған. Сондықтан, бәрі де талапқа, ережеге, заңға сәйкес болуы керек. Анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтірмеген жағдайда заң аясында тиісті шаралар көрілетін болады» деген аудан әкімі орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді мердігерлерге жеке-жеке көрсетіп, тиісті мамандармен зерделеу жұмыстарының жалғасатынын ескертті. Өйткені, жұмыс сапасына 1 жыл ғана кепілдік беретін компанияларға бірнеше жылдан соң нысандарда анықталған кемшіліктерді қалпына келтірту мүмкін болмай қалады.
2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылдың І жартыжылдығында толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1221870?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау