Шілік ауыл округінің М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектеп пен С.Құртаев атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай елге үлгі болар игі істің бастамашысы болды. Жылдар өтсе де, жүректегі туған жерге деген сағыныш пен құрмет сол қалпында сақталып, ізгі амалға ұласты.
Бұл сауапты істің ұйытқысы болып, елге жанашырлық танытқан азаматтар – Бабаханов Бақытжан, Шаназаров Бекзат, Омаров Мадияр, Исатаев Ермек және Мадалиев Ердаулет.
Жақсылықтың шырағын жаққан жандар,
Жүрегі кең, ниеті ақ асыл арлар.
Ел үшін еңбектеніп, үлгі болған,
Осындай азаматтар – ауылға дархан нұрлар.
Түлектер ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратып, мұқтаж жандардың алғысына бөленді. Сонымен қатар, ауыл мешітіне 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, игі істің аясын кеңейтті. Бұл – тек көмек қана емес, елге деген шынайы жанашырлықтың белгісі.
Ауыл тұрғындары ақ батасын беріп, алғысын жаудырды. «Батаменен ел көгер» деген сөздің шынайы мәні дәл осындай сәттерде көрініс табады. Осы игі іске ауыл қариясы Бейімбетов Шайман көкеміз ақ батасын беріп, ақжарма тілегімен шығарып салды. Ақсақалдың батасы – істің берекесі, елдің ырысы.
Себебі ықыласпен жасалған әрбір игі іс – болашаққа бастар нұрлы жол. Бұл бастама – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Осындай азаматтар тұрғанда, ауылымыздың берекесі артып, келешегі кемел болары анық
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shilik/press/news/details/1222521?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау