Халықаралық музей күніне орай жас қызметкерлер мен «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары 1975 жылы құрылған Павлодар облысы ПД тарихы және жауынгерлік даңқы музейіне барып, құқық қорғау органдарының қалыптасуы мен даму тарихымен танысты.
Музей инспекторы Жұлдыз Аймұлдинова қонақтарға облыстың ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері туралы жан-жақты айтып беріп, музей экспонаттарымен таныстырды. Атап айтқанда, тарихи құжаттар, қару-жарақ, техника, қызметтік киімдер, жеке заттар, куәліктер, грамоталар, айырым белгілері мен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ардагерлер мен қызметкерлердің ведомстволық марапаттары көрсетілді.
Қонақтарға ерекше әсер қалдырған орындардың бірі – Тараз қаласында террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған «Ерлік бұрышы» болды.
– Полиция қылмыстың алдын алу, құқық бұзушыларды анықтау және тергеумен айналысады, сондай-ақ біздің қызметкерлер сотталған азаматтармен жұмыс істейді. Қызмет бағыттары әртүрлі болғанымен, полиция мен қылмыстық-атқару жүйесі – біртұтас жүйенің ажырамас бөлігі. Полиция жұмысының ерекшелігін түсіну сотталғандардың өмір жолын тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді, бұл түзеу мекемелеріндегі тиімді жұмысты ұйымдастыру үшін маңызды. Осындай іс-шаралар патриоттық сезімді арттырып, құқық қорғау жүйесіне деген мақтаныш сезімін қалыптастырады, ортақ мақсаттар мен міндеттерді түсінуге ықпал етеді, – деп әсерімен бөлісті қызметкер.
– Экскурсия тек танымдық қана емес, шабыт сыйлаған кездесу болды. Мұндай шаралар полиция қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметті нығайтып, олардың қоғамдағы рөлінің маңыздылығын еске салады, – дейді «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары.
Полиция ведомствосында музей есігі құқық қорғау органдарының тарихына қызығушылық танытатын барлық азаматтар үшін әрдайым ашық екенін атап өтті. Қонақтар полиция тарихы, Ертіс өңіріндегі ішкі істер органдарының қалыптасуы туралы, революцияға дейінгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі деректермен танысып, Павлодар облысындағы кеңестік милицияның негізін қалаған алғашқы революционерлер жайлы қызықты мәлімет ала алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1222478?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау