Жұмыс бағдарламасы қалалық еңбек ардагерлері кеңесімен кездесуден басталды. Кездесу барысында жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, қаланы одан әрі дамыту мәселелері және өзге де тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ өңір басшысы ардагерлермен жұмысты ұйымдастыруды жақсарту және мобильділікті арттыру мақсатында ардагерлер кеңесіне жаңа автокөлік табыстады.
Одан кейін облыс әкімі жастар арасында заңдылық, құқықтық тәртіп және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын насихаттауға бағытталған «EKIBASTUZ FEST: ЗАҢ» фестивалінің алаңына барды. Іс-шараға Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов және облыстық полиция департаментінің басшысы Василий Скляр қатысты.
«Қазақстан» алаңында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тақырыптық көрмелер, «Заң мен Тәртіп» көркемсурет жобалары, сондай-ақ есірткіге қарсы бастамалар ұсынылды. Облыс әкімі арт-баннерге жастарға арнаған үндеуін қалдырып, полиция департаментінің арнайы техникасымен танысты.
Іс-шара барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Айқын нәтиже» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз шағын аудан» жобасының орындалуы туралы баяндады. Жобаны іске асыру нәтижесінде бейнебақылау камераларына, жарықтандыру элементтеріне және шағын аудандардағы бос пәтерлерге толық түгендеу жүргізілді. Қосымша 25 жарық бағаны орнатылып, осы айдың соңына дейін тағы 11 баған орнату жоспарланған.
Екібастұз полиция басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2026 жылдың сәуір айында облыстық полиция департаменті 9 жаңа қызметтік автокөлік тыпсырды.
Сондай-ақ фестивальде қаланың төтенше жағдайлар бөлімшелеріне берілген техникалар таныстырылды: төтенше жағдайлар министрлігінен үш Toyota Hilux автокөлігі, лизинг арқылы және облыстық бюджет есебінен сатып алынған КАМАЗ базасындағы екі арнайы техника.
Екібастұзда абаттандыру жұмыстары аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қалада жалпы құны 915 млн теңгеге 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 27 нысанда негіз дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар 59 млн теңгеге 3 стритворкаут және 7 стритбол алаңын салу көзделген. Жалпы құны 500 млн теңгеге 20 футбол алаңын жабдықтау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жөндеуге де ерекше көңіл бөлінуде. Автожолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі 465 мың шаршы метрді құрайды, бұл мақсатқа 4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 95 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселді.
Сонымен қатар аула ішіндегі аумақтарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды абаттандыру және жеке сектор жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 123,8 мың шаршы метр жол тегістеледі, бүгінде 50 мың шаршы метр тегістелді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі Екібастұз өңірдің индустриялық орталығы ғана емес, өмір сүруге жайлы қала болып қалуы тиіс екенін атап өтті.
– Жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар – аулаларды абаттандыру мен спорт алаңдарын салудан бастап құқық қорғау мен төтенше жағдайлар қызметтерінің техникасын жаңартуға дейін – ең алдымен Екібастұз тұрғындарының қауіпсіздігіне, жайлылығына және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жұмыстар барлық негізгі бағыттар бойынша жалғасатын болады, – деді өңір басшысы.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1223050?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау