Маңғыстауда кәсіпкер әйелдердің өңірлік конгресі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысы кәсіпкер әйелдерінің қатысуымен «Әйел және бизнес. NEXT ERA» атты өңірлік конгресі өтті

Ауқымды іс-шараны «ORTAQ» Қазақстанның батыс облыстарының өңірлік әйелдер бастамалары альянсы, «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі, «AMANAT» партиясы және «ASMAR» дәстүрлер бірлестігі өзара ынтымақтастықта бірлесіп ұйымдастырды

Конгресс алаңында еліміздің түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен өңірлік бизнес өкілдері бас қосып, ірі көрмеде өз бұйымдары мен киім-кешектерін таныстырды. Іс-шара барысында кәсіпкер әйелдерді дамыту, жаңа мүмкіндіктер, заманауи бизнес трендтері, өңірлік бастамалар және тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Конгрестің спикерлері мен арнайы қонақтарының қатарында Қайрат Хасанов, Айжан Хамитова, Жасұлан Серік, Өмірбек Құрбанбаев, Оксана Васильева, Асан Тұмыш бар. Сондай-ақ шақырылған спикерлер: Жансая Сабанбай, Зира Наурызбай, Айгүл Мүкей, Шолпан Түсіпбекова, Айнұр Бектұрған, Лаура Тлепина, Асима Жарылғасова, Лаззат Рамазанова, Шолпан Каринова, Сауле Салихова және Аманта Жангазиева бар.

Іс-шарада әйелдердің кәсіпкерлікке қосатын үлесі, өңірдің дамуындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ қатысушыларға бизнесті дамыту мен заманауи технологияларды қолдануға арналған практикалық мастер-класстар ұсынылды.

“Өңірлік кәсіпкер әйелдер конгресі аясында “Steppe базар” деген көрме болады. Бұл көрмеге елді мекеннен түрлі өндірушілер келіп қатысып жатыр. Оның ішінде тамақ, киім-кешек, әшекей бұйымдар бар. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты қоғамдағы кәсіпкер әйелдердің рөлін айқындау. Ер адамдарға бизнес жасау нақты мақсат пен ниетті қажет етсе, әйел адам үшін бизнес отбасынан басталады. Отбасы тыныш болса, шаңырағында шаттық болса ғана әйел адам бизнесті еркін жасайды. Яғни баланс ұстау керек. Осы жағынан әйел адамдарға бизнесте қиындықтар туындайды. Соған қарамастан кәсіпте жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер баршылық. Сонымен қатар қазіргі таңда кәсіпкерлікте киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект тақырыбы өте өзекті болып жатыр. Біздің кәсіпкер әйелдер осының барлығын меңгеріп жатыр. Әсіресе соңғы жылдары Маңғыстауда орта бизнеспен айналысатын әйелдердің қатары 50%-дан асты”,- деді Маңғыстау облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1223431?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version