18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен ауқымды «Музей түні» мәдени-көпшілік іс-шарасы өтті.
Мерекелік бағдарлама «Ясауи» музейіндегі «Түнгі музей» салтанатты кешімен басталып, оған қала тұрғындары мен қонақтары көптеп қатысты. Шара барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, музейлердің тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудегі маңызды рөліне тоқталды.
Рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды кеш аясында келушілерге халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін насихаттайтын түрлі көрмелер, танымдық экскурсиялар және интерактивті бағдарламалар ұсынылды.
Іс-шараның басты мақсаты – музей қорындағы тарихи жәдігерлерді кеңінен таныстырып, өскелең ұрпақтың ұлттық тарих пен рухани мұраға деген құрметін арттыру. Ерекше атмосфераға толы мәдени кеш барысында қатысушылар музей экспонаттарымен танысып қана қоймай, халқымыздың терең тарихы мен тағылымды мәдениетіне жақыннан қанығуға мүмкіндік алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1223298?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау