Қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жасалады, бұл ата-аналар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
– Бір жағдайда жасөспірім түнде автокөліктен ұрлық жасаған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар интернет арқылы вейп сатып, ақша алып, бірақ тауар жібермеген жағдайлар болды. Балалардың қатысуымен осындай алаяқтық схемалар анықталды, – деп мысал келтірді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова.
Құқық бұзушылықтардың шамамен 80%-ын әлеуметтік жағдайы жақсы отбасылардан шыққан балалар жасайды. Алаяқтық пен ұрлық жасаған кәмелетке толмағандардың арасында бұрын есепте тұрмаған, полиция назарына ілікпеген және оқу орнынан оң мінездеме алғандар да бар.Арай Төлемісованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері:
- тез ақша табуға ұмтылу;
- әлеуметтік желілер мен интернет арқылы теріс ықпалға түсу;
- бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және бақылаудың болмауы;
- құқықтық сананың төмендігі;
- ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігі.
Оның мәліметінше, полиция қызметкерлері ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтер өткізеді.
– Жауапкершілікке 26 кәсіпкер тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жүруіне және балаларды тиісінше тәрбиелемеуге байланысты 446 ата-ана мен 723 заңды өкіл жауапқа тартылды, – деді инспектор.
Қазіргі уақытта профилактикалық есепте 218 қолайсыз отбасы және 66 кәмелетке толмаған бала тұр. Ата-ана құқықтарын шектеу және айыру туралы 94 өтінішхат соттармен қанағаттандырылған.
Полиция өкілдері жасөспірімдер қылмысының алдын алуда негізгі жауапкершілік әлі де ата-аналарға жүктелетінін еске салады. Ата-аналарға балалардың қайда жүргенін тұрақты бақылау, интернеттегі қауіпсіздігін қадағалау, ересектерсіз суға түсуге жол бермеу, жол қозғалысы ережелері мен жеке қауіпсіздік шараларын үнемі түсіндіріп отыру ұсынылады.
Балалардың өмірі мен денсаулығы ең алдымен ата-аналардың жауапкершілік аймағында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-inform/press/news/details/1223328?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау