2026 жылғы 14–15 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында «Сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жүйесі: диагностика, сыни қателер және оқыту архитектурасы» тақырыбында тренерлерге арналған тренинг (Training of Trainers, ToT) өткізді.
Тренингке еліміздің 20 өңірінен аумақтық сайлау комиссияларының 40 мүшесі қатысты. Тренингтің негізгі мақсаты – сайлау ұйымдастырушыларын даярлаудың каскадты моделін кешенді жаңғырту және сайлау комиссияларының барлық деңгейінде оқытудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыру болды. Семинар жұмысы жүйелік өнімдерді бірлесіп жобалау қағидаты негізінде ұйымдастырылды.
Бағдарламаны әзірлеудің негізі ретінде семинар басталғанға дейін жүргізілген ауқымды диагностикалық сауалнама нәтижелері алынды. Сауалнамаға елдің барлық 20 өңірінен 208 сарапшы қатысты. Алынған деректер тәжірибелі мамандардың көзқарасы тұрғысынан «жүйенің бейнесін» қалыптастыруға, проблемалық тұстарды анықтауға және оқу құралдарын әзірлеудің басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.
Ашылу сөзінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов оқыту жүйесін дамытудың стратегиялық бағытын айқындады.
Жаңартылған архитектура аясында аумақтық сайлау комиссиялары тек дайын нұсқаулықтарды таратушы емес, өз өңірлерінің «әдіснамалық орталықтарына» айналуы тиіс екені атап өтілді. Қатысушыларға пассивті оқыту моделінен нақты дағдылық тапшылықтарға арналған қолданбалы құралдарды «өндіру» моделіне көшу міндеті қойылды.
Бірінші күні қатысушылар электоралдық жүйе ішіндегі білім беру құрылымына жан-жақты аудит жүргізді. Ерекше назар электоралдық оқыту процесін жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуге аударылды.
Бірінші күнгі сессиялар барысында тәжірибе алмасу аясында бірқатар өңір өкілдері сайлау процесінің барлық негізгі кезеңдерін қамтитын электоралдық оқытудың үздік тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай тәжірибелер қатарында жергілікті жерлерде интерактивті әрі тәжірибеге бағытталған оқыту өткізуге мүмкіндік беретін түрлі ақпараттық өнімдер, үздіксіз оқытудың модульдік жүйесі, оқу материалдарын әзірлеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, оқыту чек-парақтары мен карточкалары бар.
Бағдарламаның әдіснамалық бөлігі сайлау науқандары барысында заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін дағдыларды кезең-кезеңімен қалыптастыру тұжырымдамасына негізделді.
Тренингтің екінші күні түрлі міндеттер ерекшеліктеріне бейімделген қолданбалы оқыту құралдарын әзірлеуге арналды. Қатысушылар комиссия мүшелерінің стандартты емес және стресс жағдайларындағы іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауға бағытталған бірқатар оқу материалдарын дайындады.
Практикалық сессиялар барысында сайлау ұйымдастырушыларының күйзеліске төзімділігін арттыруға және құқықтық тәуекелдердің алдын алуға бағытталған коммуникация хаттамалары пысықталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша диагностикалық деректер базасын, тексерілген өңірлік тәжірибелер банкін және өңірлерде таратуға арналған оқу сценарийлерінің жиынтығын қамтитын Тренердің оқу-әдістемелік жиынтығы қалыптастырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1223235?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау