Астанада «СҚ-Фармация» ЖШС алаңында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Фармацевтикалық индустрияны дамыту перспективалары» тақырыбында көшпелі отырысы өтті. Іс-шара барысында фармацевтика саласының өзекті мәселелері мен халықты дәрілік қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов отандық фармацевтика саласын жүйелі дамыту, өндірістерді локализациялау деңгейін кеңейту және халық үшін заманауи дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі тұрақты өсімді көрсетіп отыр, өндірістік және инвестициялық әлеуетін нығайтуда, локализация деңгейін кеңейтуде және импортқа тәуелділікті азайту мен экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға негіз қалыптастыруда», – деді өз баяндамасында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Сонымен қатар салаға салынған инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетсе, фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн АҚШ долларына дейін өсті.
Қазіргі таңда елде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде 43 дәрілік зат өндіруші және 166 медициналық бұйым өндіруші бар. Қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8%-ға жетіп отыр, бұл дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалану жүйесі деректерімен расталады.
Вице-министр саланы қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде ұзақ мерзімді шарттар мен инвестициялық келісімдер екенін атап өтті.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге арналған 83 ұзақ мерзімді шарт қолданыста. 2025 жылдың желтоқсанынан бастап жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрайтын инвестициялар туралы 7 келісім жасалған. Бұл жобаларды іске асыру 474 жаңа өнім атауын өндіруді жолға қоюға, 1 140-тан астам жұмыс орнын құруға және отандық фармацевтиканың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Отырыс барысында дәрілік заттар айналымын реттеу жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылды.
2026 жылдың ақпанында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша дәрілік заттар айналымын реттеудің ұлттық жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ТМД елдерінің ішінде үшінші деңгейге жеткен алғашқы ел болды.
Сонымен қатар, дәрілік заттарды тіркеу мерзімдерін қысқарту мақсатында «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша «Композиттік қызмет» пилоттық жобасы іске асырылуда.
Соның нәтижесінде рәсімдер уақыты 210 күннен 100 күнге дейін, яғни екі еседен астам қысқарды. Жоғары реттеушілік стандарттары бар елдерден келетін препараттар үшін жеделдетілген тіркеу тәртібі енгізіліп, мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
«Бұл жобаны іске асыру халықтың заманауи препараттарға қолжетімділігін жеделдетуге, мемлекет үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнес үшін болжамды жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», – деді Тимур Мұратов.
Вице-министр сондай-ақ дәрілік заттарды таңбалау жүйесін енгізу туралы хабарлады. Бұл пациент деңгейіне дейін толық қадағалауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылау мен реттеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Баяндаманың қорытынды бөлімінде Тимур Мұратов Қазақстанның фармацевтика және медициналық өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар туралы хабарлап, олар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін локализациялауды ынталандыруды және тұтас әрі тиімді фармацевтикалық саясат қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1222953?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау