3-15 мамыр аралығында Ташкент қаласында өткен бокстан U15-U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сары құрлық додасында 24 елден келген 500-ге жуық жас спортшы бақ сынады.
Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен шымкенттік жас былғары қолғап шеберлері жоғары нәтижелерімен көзге түсіп, ел мерейін үстем етті.
Атап айтсақ, U15 ұлдар арасындағы Рауан Тоғызбай (61 келі) финалда өзбекстандық Азизбек Эгамбергановты 4:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Ал U17 арасындағы Нұрасыл Ғалым (50 келі) финалда Моңғолия боксшысын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, чемпиондық атақты қанжығасына байлады.
U15 қыздар арасында 70 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Көркем Ғалым Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, 46 келі салмақта өнер көрсеткен Сабрина Адилханова күміс медаль жеңіп алса, 58 келіде шаршы алаңға шыққан Ардақ Абдихан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Жалпы, Шымкент қаласынан Азия чемпионатына 8 спортшы қатысып, ел қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль салды. Қазақстанның U15 ұлдар және қыздар құрамасы жарысты 7 алтын, 8 күміс және 9 қола медальмен аяқтап, жалпы командалық есепте 3-орынға тұрақтады. Ал U17 құрамасы 8 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 2-орын иеленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1223007?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау