Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» күніне арналған ауқымды сенбілік өтті. Игі шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, ауылды көркейту жұмыстарын үйлестірді.
Таңсәріден басталған тазалық шарасына мемлекеттік мекемелер, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ерікті жастардан құралған 700-ге жуық адам жиналды. Акция барысында ауылдағы мекемелерге бекітілген аумақтар толықтай ретке келтіріліп, ішкі көшелер бойындағы арықтар тазаланды, ағаштар мен жол жиектері әктелді.
Сенбілік жұмыстарының басында болған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды ортақ іске жұмылуға шақырды.
– Тазалық – табалдырықтан басталады. «Таза Қазақстан» акциясы бұл тек бір күндік науқан емес, бұл біздің туған жерге деген құрметіміз бен экологиялық мәдениетіміздің көрінісі. Бүгінгідей «Жасыл ел» күнінде ауыл тазалығына бейжай қарамай, атсалысып жатқан әрбір азаматқа алғыс айтамын. Біздің мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа гүлденген, таза өлке аманаттау, — деді аудан басшысы.
Ауқымды шара аясында тек тазалық қана емес, сонымен қатар инфрақұрылым нысандарын қалыпқа келтіру мен көгалдандыру жұмыстарына да басымдық берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1223075?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау