2026 жылғы 19 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында 2025 жылға арналған жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды. Жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 1 509,6 млн теңгені құрады, оның ішінде қалпына келтіруге/өтелуге жататыны – 9,6 млн теңге, баланстан беруге жататыны – 1 500,0 млн теңге. Сонымен қатар, аудит барысында құны 23,7 млн теңге болатын мемлекеттік активтің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Аудит объектілері бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті жасау туралы заңнаманың, іссапар шығындарын өтеу қағидаларының талаптарын бұзуға жол берді, сондай-ақ мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың талаптарын бұзды. Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін бұрмаланған қаржылық есептілікті жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 2 материал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды. Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді, анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарау туралы Нұсқама жіберілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/revkomsko/press/news/details/1223778?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау