Ағымдағы мәселелер басты назарға алынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті.

Жиында Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды.

Мәжілісте Мемлекет басшысының авиация саласын дамытуға, еліміз аумағында халықаралық әуе хабтарын құруға ерекше назар аударып отырғаны айтылып, аудан көлемінде шағын авиацияны дамыту мәселесі талқыланды. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтіліп, жауапты сала басшыларына ауданда аэродромдар салу жобалары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Мәжілісте күн тәртібінен тыс бірқатар өзекті мәселелер де қаралды. Алдымен биылғы оқу жылын қорытындылау және балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру жайы сөз болды.

– Мектеп бітіруге арналған іс-шаралар мен аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімдері жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Ысырапшылдыққа жол бермей, мерекелік кештер өткізуге қатаң тыйым салуды тапсырамын, – деген аудан әкімі салаға жауапты орынбасарына арнайы жоспар әзірлеуді міндеттеді.

Сонымен қатар мектеп бітіру кештерінде заңсыз ақша жинау, мұғалімдерге сыйлық беру сияқты келеңсіздіктердің алдын алу бойынша нақты ескертпелер айтылды.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе жазғы және күндізгі тынығу лагерлерінің санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауапты сала жетекшілеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жиында мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі де қамтылды. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев баяндама жасап, мерекелік шаралардың талапқа сай өтетінін жеткізді.

Аудан әкімі құрбан шалуға қатысты барлық мәселелер жіті бақылауда болуы керектігін атап өтті. Әсіресе көпшілік орындарда және арнайы мал сою бекеттерінде санитарлық талаптардың сақталуы, мал сою және ет тарату барысында тәртіпсіздікке жол бермеу қажеттігін қадап айтты.

Жиын соңында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тазалық мәселесімен қатар өзге де анықталған кемшіліктер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, тиісті бөлім және мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1223687?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version